"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ  БАСҚАРМАСЫНЫҢ  СТЕПНОГОРСК  ҚАЛАСЫ БОЙЫНША   БІЛІМІ  БӨЛІМІ  ЖАНЫНДАҒЫ СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ "АЙГӨЛЕК" №1 БАЛАБАҚШАСЫ"  МЕМЛЕКЕТТІК  КОММУНАЛДЫҚ  ҚАЗЫНАЛЫҚ  КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ  КОММУНАЛЬНОЕ  КАЗЕННОЕ  ПРЕДПРИЯТИЕ ДЕТСКИЙ САД №1 "АЙГӨЛЕК"  ГОРОДА СТЕПНОГОРСК ПРИ ОТДЕЛЕ  ОБРАЗОВАНИЯ ПО ГОРОДУ СТЕПНОГОРСК УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Бiз әлеуметтік желідеміз

                       

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы

Тұжырымдаманың нысаны
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасында мыналар қамтылған:
1. Мақсаты мен міндеттері
2. Негізгі идея
3. Мерекенің идеялық-мазмұндық негіздері
4. Мерекелеудің стратегиялық құндылықтары
5. Іс-шаралар мен жобалар тақырыбы
6. Іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар
7. Күтілетін нәтижелер
Тұжырымдамада барлық іс-шаралар мен белсенділікті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне бірыңғай, түсінікті және нәтижелі коммуникациялық науқанға біріктіретін ойлар көрініс тапқан. Бұл іс-шаралардың негізгі мазмұны мен іске асырылу сапасы бойынша шашыраңқы болып шықпауы үшін қажет.
Тарихи анықтама
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Қазақстан тұңғыш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған, заңнамалық тұрғыдан рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды. Бұл дәуірлік оқиға халқымыздың сан ұрпағының орындалған армандары мен үміттерін ақиқатқа айналдырды.
Бүгінгі таңда қазақстандық мемлекеттілік моделінің архитекторы, жаһандық қауіпсіздік жөніндегі көптеген стратегиялық бастамалар авторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі айрықша көрінеді.
Тұңғыш Президент – Елбасы бастамашылық еткен экономиканы нарық жолына түсіру, еліміздің ядролық қарусыз мәртебесін бекіту, астананы көшіру, бағдарламалық құжаттарды қабылдау, Қазақстан халқының этносаралық келісім, толеранттылық пен бірліктің бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімі - басқа да стратегиялық бастамалары өзінің тарихи қисындылығы мен тиімділігін дәлелдеді.
5
Н.Ә.Назарбаевтың теңгерімді және көреген саясатының арқасында қазіргі заманғы Қазақстанды халықаралық қоғамдастық толерантты, зайырлы, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде таниды.
Қазіргі заманғы Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі, өсіп келе жатқан экономикасы, біртұтас халқы мен үлкен жоспары бар ел. Тәуелсіздіктің қысқа мерзімінде еліміз түрлі салалар аясында ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырған заманауи, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа, Астана саммитіне төрағалық ету, Сирия дағдарысын реттеу... Бұның бәрі – үздік нәтижелер, еліміздің халықаралық аренадағы жоғары беделінің көрсеткіші.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың басында Жастар жылының ашылу салтанатындағы сөзінде Үкіметке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындық және оны мерекелеу бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жалпыұлттық сипат алуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бұл біздің жетістіктерімізді саралап, болашақтың міндеттерін айқындау мүмкіндігі. Мерейтойды мерекелеу қазақстандық мемлекеттілік пен патриотизмнің нығаюына ықпал етуі тиіс.
Мерекелеудің мақсаты мен міндеттері
Мақсат: Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңызы мен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ұғыну арқылы қазақстандықтардың патриоттық сезімін күшейту.
Міндеттер:
1. Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жетістіктері мен табыстарын көрсету.
2. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы тарихи рөлін көрсету.
6
3. Мемлекеттің басты стратегиялық міндеті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруін іске асыруға Қазақстанның барлық азаматын тарту.
4. Қазақстандықтарды бүкілхалықтық сайланған Қазақстан Республикасының жаңа президенті - Қ.К. Тоқаевтың саяси платформасында шоғырландыру.
Басты идея
Ел Тәуелсіздігінің тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени құбылыс ретіндегі ауқымы мен маңызына орай коммуникациялық науқанның негізгі идеясын қазақстандықтардың ой-санасы мен жүрегінде орнығатындай, ел тағдырына жауаптылығы мен қатыстылығын сезінуге мүмкіндік беретіндей ұғынықты әрі ықшамды тұжырымдау қажет.
Негізгі идея –барлық коммуникацияны бекітетін, нысаналы аудиторияның санасына орнығатын және адамдарды сындарлы әрі жауапты әрекетке – жасампаздыққа ынталандыратын ұтымды ой.
Басты идея: «Жасампаздыққа толы жылдар».
Негізгі түйін: «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл – бұл Жасампаздыққа толы жылдар». Негізгі түйін басты идеяны логикалық тұрғыда жалғастырады және нақтылайды, еліміз бен оның азаматтары үшін Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын кеңінен әрі ықшам көрсетеді.
«Жасампаздыққа толы жылдар» басты идеясының пайдасына аргументтер:
1. «Жасампаздық» сөзінің асқақ әрі дәл мағынасы. Жасампаздық – шындықтың шығармашылық өзгерісінің адамзатқа мәлім ең жоғарғы нысаны. Жасампаз қызмет әрқашан әлемді жақсартуға, оны барынша үйлесімді етуге бағытталады. Ол адамдардың танымын кеңейту және жақсы қасиеттерін пысықтау үшін пайдалы материалдық, рухани, пайдалы игіліккке алып келетін іс-әрекетке жалғасады.
2. «Жасампаздық» Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кең ауқымды қызметінің мән-мағынасын ашып көрсетеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев әрдайым батыл, жауапты және жасампаз таңдаудың мысалын көрсетіп келеді. Тәуелсіздікті таңдау –астананы ауыстыру
7
және басқа да маңызды шешімдер сияқты жауапты әрі жасампаз таңдау.
3. Азаматтық қоғамды ынталандыру және дамыту. «Жасампаздықтың» басты идеясы – жай ғана фактіні көрсету емес. Жасампаздықтың мысалдары шабыттандырады және ынталандырады, адамдарды жауапкершілік пен азаматтық парыз сезіміне тәрбиелейді, азаматтық қоғамды дамытуға ықпал етеді.
4. Сындарлы емес бастамалар мен бүлінулерге қарсы салмақ. Жасампаздық бүлінулерге қарсы тұрады және жауапты таңдауды білдіреді. «Жауапкершілік» сөзі жауапсыз сын мен бүлінулерге қарсы жасампаздықпен қатар жүреді.
5. Азаматтардың Қазақстанның жасампаздық жолы туралы хабардар болу деңгейін өзінің жеке жасампаздық мүмкіндіктерін насихаттай отырып арттыру. Жасампаздық – бұл өз тағдырыңды таңдау жауапкершілігі, отбасын құру мен оған жауаптылық, түпкі нәтижеде – ел деңгейіндегі жауапкершілік пен жасампаздық.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің идеялық-мазмұндық негіздері
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы төрт идеялық-мазмұндық негізге сүйенеді.
1. Құндылық негізі. Қазақ халқының ең басты құндылығы, бүкіл тыныс-тіршілігінің негізі және басты жетістігі Тәуелсіздік болып табылады. Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту – әрбір қазақстандықтың, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті.
Мемлекет пен еліміздің әрбір азаматы Тәуелсіздікті сақтауға және нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Мұның мәнін ашу үшін барша қоғамның үлес қосуы қажет.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың мемлекеттіліктің қазақстандық моделін қалыптастырудағы және табысты дамытудағы тарихи рөлін жан-жақты бағалау қажет.
2. Тарихи негізі. Қазақ халқы ғасырлар бойы Тәуелсіздікке ұмтылып келді. Соңғы ғасырдағы оқиғалар соның айқын куәсі. Әр ұрпақ, әрбір этнос осы арманға жетуге өзіндік үлесін қосты. Сондықтан
8
Тәуелсіздікті мерекелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие болмақ.
Бүгінгі ұрпаққа айрықша миссия жүктеледі. Біз Қазақстанымызды сақтап қана қоймай, оны нығайтып, қайталанбас тарихи тәжірибесін сақтай отырып, табысқа жетелеп, гүлдендіруіміз керек.
Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы осы құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруге бағытталуға тиіс.
3. Дүниетанымдық негізі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы –тәуелсіз мемлекеттің барлық жоспарлы даму жылдарының қорытындысы. Әрбір азаматтың бойына тәуелсіз әрі қуатты мемлекетті қалыптастыруға атсалысу сезімін ұялата отырып, еліміздің барлық жетістіктерін көрсету керек.
Осыған орай, Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа форматын қалыптастырушы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи үлесін кеңінен танымал етуді ұйымдастыру қажет. Басты ұлттық құндылықтар: тәуелсіздіктің, ұлттық қауіпсіздіктің, тұрақтылықтың, азаматтық бейбітшілік пен келісімнің негізгі тарихи сабақтастық желісіне назар аударылуы тиіс.
4. Халықаралық негізі. Заманауи Қазақстанды әлемдік қоғамдастық табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет, бейбітшіл және сындарлы құндылықтары бар ел, ұлттық және азаматтық бірліктің мекені ретінде таныған.
Тәуелсіз Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға басшылық жасады, өңірлік интеграциялық процестер мен жаһандық бейбітшіл бастамалардың бастауында болды.
Қазақстанның халықаралық аренадағы басты жетістіктері –Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың белсенді қызметінің нәтижесі. Осыған орай Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың архитектурасына оң ықпалын тигізген жаһандық бастамаларының тарихи маңызын көрсету маңызды.
Тәуелсіздіктің мерейтойын мерекелеу еліміздің 30 жылдағы дамуын ауқымды түрде таныстырумен қатар жүргізілуі керек. Аталған жұмысты Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері жүргізетін болады.
9
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің стратегиялық құндылықтары
Мерекелік іс-шаралар аясында басты идеяны ғана іске асыру жеткіліксіз. Оқиғаларды «старегиялық құндылықтармен» толықтыру маңызды. Еліміздің өміріндегі келесі «стратегиялық құндылықтардың» мәнін аудиторияға жеткізу қажет.
1. Тәуелсіздік. Мемлекеттің басты құндылығы мен игілігі. Әрбір азаматтың болашағын өз бетінше құруының, ал мемлекеттің қазақ халқының тарихи арманын жүзеге асыруының басты шарты тәуелсіздік алу болды.
2. Азамат. Адамдар – мемлекеттің басты байлығы. Еліміздің болашағы оның азаматтарына, олардың әрқайсысы қаншалықты бақытты, саламатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуына байланысты. Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі – бүгінде барлық азаматы рухани және материалдық құндылықтарға кепілді және тең қол жеткізіп, отбасын құрып, алған білімін пайдаланып, өз балаларының болашағын қамтамасыз ете алатындығында.
3. Бірлік пен ынтымақтастық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап тең құқылық пен достыққа негізделген қоғамдық келісім мен бүкіл халықтың бірлігі қағидаттары еліміздің дамуының негізіне қаланды. Біздің ұстанымымыз: «Ұлт бірлігі - оның алуан түрлілігінде». Осы жылдар ішінде Қазақстан бұл қағидаттарды еліміздің дамуының маңызды шарты ретінде берік ұстанып келеді. Бірлік пен келісімнің негізінде ынтымақтастық жатыр – бұл өзара сенім мен өзара жауапкершілік.
4. Тұрақтылық.
Қазақстан өзінің барлық жетістіктері үшін әлемнің, Қазақстан қоғамының бірлігі мен өркендеуінің басты шарты ретінде тұрақтылыққа міндетті. Тұрақтылық әрбір қазақстандықтың болашаққа деген бұлжымас сенімінің негізі.
5. Әділдік. Бұл біздің менталитетіміздің ажырамас бөлігі, бұлжымас құндылығы. Конституцияға сәйкес еліміздің барлық азаматтары ұлтына, діни сеніміне, мүліктік жағдайына қарамастан тең
10
құқылы. Сондықтан мемлекеттің міндеті – Қазақстан Республикасының әрбір азаматына жеке табысқа жетуге және өзінің әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беру.
6. Прогресс. Қазақстан барша әлемге ашық, әлемдегі үздік жетістіктерге, озық технологияларға ұмтылатын ел. Өмірдің барлық саласында біз жаңаруға қабілеттіміз. Біз ертеңгі күнге сенімділікті қолдаймыз. Қазақстан міндетті түрде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің санатында болады. Прогресс идеясы - біздің қазіргі заманның сын-қатерлеріне деген жауабымыз.
7. Қауіпсіздік. Адам өркениетін дамытудың тарихи тәжірибесі мемлекеттің әрбір азаматының өмірі мен әл-ауқаты, ең алдымен, оның жеке қауіпсіздігі дәрежесіне және қоғамның қауіпсіздігіне байланысты екенін көрсетеді.
Әр адам ортақ қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілген жағдайда әрбір адам айтарлықтай көп ұтарын сезіне білуі тиіс. Жеке азамат қаншалықты жолы болғыш болса да, еліне қауіп төнген жағдайда қорғансыз болады. Ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру – Қазақстан мемлекетінің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
8. Сабақтастық. Жеткен жетістіктерімізді сақтай отырып, еліміздің дамуының жаңа кезеңінде Елбасы Н.Назарбаевтың бағытын жалғастырып қана біз табысты саяси дәстүрлердің негіздерін қалап, қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап беретін қуатты әрі тұрақты мемлекет құра аламыз.
9. Ашық қоғам. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне орай жедел ден қою біздің мемлекетіміздің саясатындағы басты басымдықтар болып табылады. Ашық қоғам, сындарлы қоғамдық диалог – келісім мен тұрақтылықтың негізі.
10. Дәстүрлер. Жаһандану дәуірінде өз тарихыңды, мәдениетіңді, тіліңді білу аса маңызды. Дәстүрді сақтау – жаһандық маргиналдануға және адамның бет-бейнесін жоғалтуға қарсы тұратын бірден- бір тәсіл. Сондықтан қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамыту, Қазақстанда тұратын барлық этностың өзгешелігін сақтау
11
стратегиялық басымдылығымыз, ХХІ ғасырдағы сенімді дамуымыздың негізі болып табылады.
11. «Азаматтардың ел табысына қатыстылығы». Ел тарихы, оның табыстары мен жетістіктері ең алдымен азаматтарының табысы. Қазақстанның дамуына азаматтардың қосқан жеке үлесін көрсету, әрқайсысының ел тағдырына жауаптылығын, Отанмен ажырамас байланыста екенін сезінуге ықпал ету қажет.
Іс-шаралар мен жобалардың тақырыбы
Барлық іс-шаралар мен жобаларды «Жасампаздыққа толы жылдар» басты идеясы аясында өткізу қажет. Бұл ретте «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл – бұл адамдар үшін жасампаздық уақыты» деген негізгі хабар пайдаланылуы тиіс.
Қазақстан тарихында 30 жыл - ел дамуының тұтас нәтижесін көруге мүмкіндік беретін өзіндік меже. Сондықтан 30 жылдық мерейтойға дайындық және оны мерекелеу ауқымды тәсілдерді қамтуы тиіс.
Іс-шаралар мен медиа жобалардың мазмұндық негізі: басты оқиғалар, фактілер, адамдар, цифрлар болуы тиіс.
БАҚ-тағы және әлеуметтік желілердегі арнайы жобалар 30 жылдық мерейтойды арқау етуге, оны бірыңғай ауқымды, мазмұнды ақпараттық науқан ретінде көрсетуге арналған.
2021 жылы Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналған іс-шаралар мен медиажобалар жүзеге асырылады, бұл кезде қазақстандықтар халықтың сайланған жаңа Президентінің саяси платформасында шоғырлана отырып, саясаттың сабақтастығын сақтай отырып және Елбасы жасаған Бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын толығымен іске асыру қажеттілігінен шығады.
Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері
2020-2021 жылдары Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне назар аудара отырып, іс-шаралар мен медиажобалар жоспарланған.
Аталған іс–шаралар мен медиажобалардың мақсаты – күрделі кезеңдерді басынан өткерген елдің жетістіктері мен табыстарының негізінде қоғамды ұйыстыру, алдыңғы ұрпақтармен байланысқа және
12
жастар арасында құндылықтарды насихаттауға негізделген саясатты қалыптастыру.
Мерейтой экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқықтарын қорғау, экология проблемаларын шешу белгісімен өтеді.
Жетістіктердің тақырыптық желістері
Тақырыптық желілер - бұл нақты тақырыптар немесе жетістіктерге қол жеткізілген салалар.
Барлық негізгі салалар бойынша ақпараттық-идеологиялық жұмысты үш негізгі элементке: өткенге, бүгінге және болашаққа баса назар аудара отырып жүргізу.
Әрбір тақырыптық желі бойынша жетістіктерді аша отырып, мына қағидаттарды басшылыққа алу қажет:
1) не болды, неден алшақтадық;
2) бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктер;
3) болашаққа нақты жоспарлар қандай.
Осылайша құрылған жұмыс, бір жағынан, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңі ішінде іске асырылған мемлекеттік құрылыстың қисынын, ниетін түсінуге ықпал ететін болады.
Екінші жағынан, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу не болғанын талдау ғана емес, өткен жолды ескере отырып, болашақтың бейнесін модельдеу болып табылады. Іс-шаралар Тәуелсіздіктің жетістіктерін айшықтап қана қоймай, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының бай саяси мұрасын, атап айтқанда, ауқымды «Стратегия-2050» құрайтын стратегиялық жоспарлар мен бағдарламаларды ашуға тиіс.
Әрбір мемлекеттік орган XX ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі сала тарихымен толық ақпараттық-әдістемелік материалдар дайындап, өз саласын таныстыруы тиіс.
Жекелеген макротемаларды (парламентаризм, саяси партиялар, азаматтық институттар, адам құқықтары) сараптама орталықтары, ең алдымен ҚСЗИ, Еуразиялық интеграция институты, БҒМ жанындағы гуманитарлық институттар ұсынуы тиіс.
Үкімет желісі бойынша жоспарланып отырған ірі инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қажет:
13
1) мерейтойлық күнге дейін аяқтау;
2) Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бастамашылық ету.
Бұл ретте моноқалалар мен ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылының негізгі оқиғалары мен тақырыптары:
ҚАҢТАР – «Қазақстанның жаһандық бастамалары. Халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі»
АҚПАН – «Қазақстан - спорттық ұлт»
НАУРЫЗ – «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті»
СӘУІР – «Ғылым және технологиялар»
МАМЫР – «Ұлттық бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық»
МАУСЫМ – «Патриотизм»
ШІЛДЕ – «Астана күні. Нұр-Сұлтан - табыс пен өркендеудің символы»
ТАМЫЗ – «Тәуелсіздіктің құқықтық негіздері. Құқық үстемдігі және азаматтық қоғам»
ҚЫРКҮЙЕК – «Білім»
ҚАЗАН – «Ауылды қайта түлету»
ҚАРАША – «Индустриялық-инновациялық даму. Цифрлық экономика»
ЖЕЛТОҚСАН – «Тәуелсіздік - орындалған арман. Қазақстан жолы»
1. ҚАҢТАР – «Қазақстанның жаһандық бастамалары. Халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі»
Сарабдал сыртқы саясаттың арқасында елімізді халықаралық аренада жетекші бітімгер, жаһандық диалог алаңдарының бастамашысы ретінде таниды.
Қаңтар айындағы іс-шаралардың негізгі мақсаты мен мазмұны: Қазақстан – жаһандық ядролық қауіпсіздік пен халықаралық бітімгершілік саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Тұңғыш Президент –бейбітшілік жолындағы жаһандық, өңірлік және ұлттық қауіпсіздік пен ынтымақтастық жүйелерінің әлемдік көшбасшылары мен сәулетшілерінің бірі.
14
Жаһандық қауіпсіздік жөніндегі сыртқы саяси бастамаларға және Қазақстанның әлемнің барлық елдерімен достық қатынастарды нығайтудағы жетістіктеріне назар аударылады. Іс-шараларға жетекші халықаралық сарапшылар қатысады.
2. АҚПАН – «Қазақстан - спорттық ұлт»
Қазақстанда ұлттық және халықаралық ауқымда спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінеді.
Ақпан айы – бұл Қазақстан спортының даңқы мен жетістіктерінің айы. Көрнекті спортшылардың көптеген сұхбаттары, жас спортшыларға арналған мастер-кластар, көрнекі сөздер, естеліктер мен жастарды тәрбиелеуге арналған мақалалар, көрнекті қазақстандық спортшылардың құрметіне арналған өңірлік жарыстар, қазақстандық спорт ардагерлерінің марапаттары мен құрметтері – осының барлығы ақпан айындағы іс-шаралардың мазмұнын құрайды.
Әр қазақстандықтың жасына қарамастан салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Белгілі спортшылар мен көрнекті медицина қайраткерлерінің салауатты өмір салтын насихаттауы ерекше маңызды.
3. НАУРЫЗ – «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті»
Қазақстан мен Ұлы дала мәдениеті әлемдік қоғамдастықтың мазмұны мен мағынасы жағынан алуан түрлі әрі бай мәдениеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты, қазіргі заманғы қоғамды табысты жаңғыртудың шарты ұлттық мәдениетті сақтау, оның құндылықтары мен дәстүрлерін жаңғырту, оларды әрбір ұрпақтың өмірінде өзектілендіру болып табылады.
Қазақ халқының рухани құндылықтарын жаңғырту, оның дәстүрлі негіздерін – ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық, өзара көмек сияқты құндылықтарды нығайту. Қазақтың дәстүрлі құндылықтарын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар.
4. СӘУІР – «Ғылым және технологиялар»
15
Қазақстанның білім, ғылым, цифрландыру, зияткерлік ұлтты қалыптастыру саласындағы жетістіктері.
Сәуір кестесі оқуда, ғылымда жоғары жетістіктерді көрсететін жас талантты қазақстандықтарды ілгерілету бойынша бірқатар іс-шараларды қамтиды. Сондай-ақ, ғылым, техника және өнертапқыштық саласында жетістікке жеткен ғалымдарға ерекше назар аударылатын болады.
5. МАМЫР – «Ұлттық бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық»
Қазақстан халқы мен Отан қорғаушылардың бірлігі.
Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі тақырыптары, ұлтаралық татулық пен рухани топтасуға бағытталған саясаттың маңызы кеңінен ашылады. Қазақстандық бірлік, тәуелсіздік және қауіпсіздік құндылықтарының сенімді қорғаушысы болып табылатын еліміздің Қарулы Күштерінің рөліне баса назар аударылады.
Этномәдени бірлестіктерді, шығармашыл зиялы қауымды тарта отырып, Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған мерекелік іс-шаралар, сондай-ақ 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс Күнін мерекелеу.
6. МАУСЫМ – «Патриотизм»
Патриотизм, өз Отанына және Тәуелсіздікке құрмет Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту, Әнұранды құрметтеуден басталады. Бұл үш символ егемен Қазақстанның ажырамас атрибуты, елдің әрбір азаматының мақтанышы болып табылады.
"Қазақстан-2050" Стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизм қағидаттары айқындалған, ол елдің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруінің маңызды шартымен белгіленген. Жаңа қазақстандық патриотизмнің іргетасы – бұл барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Қазақстанның табысты дамуы үшін ортақ жауапкершілігі.
Жас ұрпақтың патриотизмін нығайтуға бағытталған патриоттық форумдар, құрылтай, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі.
7.ШІЛДЕ – «Астана күні. Нұр-Сұлтан – табыс пен өркендеудің символы»
16
Нұр-Сұлтан - Ел жүрегі, Еуразия жүрегі, бұл Тәуелсіздіктің символы, Қазақстан жетістіктерінің символы.
Қазақстанның елордасы әлемдік қоғамдастық пен Еуразияның жаңа геосаяси және геоэкономикалық орталығына айналды. Ресми түрде құрылғаннан бері елордамызға 180 Президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Нұр-Сұлтанда өңірлік және жаһандық қауіпсіздік саласындағы халықаралық актілер мен келісімдерге қол қойылды.
Елордадағы және өңірлердегі барлық іс-шаралар Нұр-Сұлтанға арналады. Іс-шараларда елорданың дамуы призмасы арқылы елдің жетістіктері көрсетілген.
8. ТАМЫЗ – «Тәуелсіздіктің құқықтық негіздері. Құқық үстемдігі және азаматтық қоғам»
Қазақстан халқының құқықтық мемлекет қағидаттары мен мұраттарына бейілділігі.
Қазақстан өз азаматтарының аман-есен және лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекетті бекіту жолымен нық және дәйекті түрде жүріп келеді. Мемлекеттік құрылыс процесі үздіксіз және серпінді. Конституция елдің Негізгі заңы ретінде қазақстандық қоғамды жоғары мақсаттарға – экономикалық дамыған, тәуелсіз, әлемдік қоғамдастыққа интеграцияланған мемлекет құруды ілгерілетуді регламенттейді.
Осылайша, қазақстандықтар үшін Конституцияның қабылдануы жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. Еліміздің Негізгі Заңы Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік негізіне айналды.
Құқықтық мемлекет тұрғысынан Қазақстанның саяси дамуының басты бағыттарының бірі – «халық үніне құлақ асатын» мемлекет қағидатын іске асыру. Халық үніне құлақ асатын мемлекет басқарушы таптың жеке адам мен қоғамның қажеттіліктері мен қажеттіліктеріне сезімталдығының қажетті деңгейін білдіреді.
9. ҚЫРКҮЙЕК – «Білім»
Сапалы білім беру жас ұрпақтың зияткерлік, мәдени, шығармашылық, физикалық дамуына және дүниетанымның қалыптасуына шешуші әсер етеді. Әлем бір орында тұрмайды, XXI ғасырда үздіксіз білім беру өзекті болып отыр.
17
Болашақ еңбек нарығы және болашақ экономикасы – бұл, ең алдымен, білім, құзыреттілік, кәсібилік, құзыреттілік, дағдылар, ғылым және интеллект нарығы мен экономикасы.
Дарынды жастардың әлеуетін ашуға, білімді және бәсекеге қабілетті азаматтарды танымал етуге бағытталған іс-шаралар.
10. ҚАЗАН – «Ауылды қайта түлету»
Ауыл шаруашылығының жетістіктері. Біздің еліміз дәстүрлі түрде әлемдік және өңірлік азық – түлік жеткізушісі, агроөнеркәсіптік кешен – елдің экономикалық өсуінің қосымша көзі болды және болып қала береді.
Бүгінде ауылдық жерлерде халықтың 43%-ы тұрады. Дәнді дақылдар егісі жалпы 18 миллион гектар жерді алып жатыр, оның 12 миллион гектары бидайға бөлінген, оның жалпы түсімі 600 000 тоннаны құрайды. Жыл сайын 750 000 тоннаға дейін ет, 4,5 миллион тоннадан астам сүт, шамамен 2,5 миллиард дана жұмыртқа, 30 000 тонна жүн өндіріледі.
Еңбек Адамын құрметтеуге, Қазақстанның ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы жетістіктерін көрсетуге бағытталған іс-шаралар.
11. ҚАРАША – «Индустриялық-инновациялық даму. Цифрлық экономика»
Индустриялық даму инновацияларын құру саласындағы Қазақстанның жетістіктері.
Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірленді, ол республикадағы технологиялардың қарқынды өсуінің және қызметтер көрсетудің электрондық форматына қайта бағдарлануының негізі болуға тиіс.
Қазақстан технологиялық әріптестік, дата-орталықтар салу мен орналастыру, деректер транзитін дамыту, Цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу, цифрлық қаржы құралдарын пайдалану үшін ашық юрисдикция ретінде брендке айналуға тиіс.
Еліміздің цифрлық технологиялар саласындағы, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Университетімен бірлесіп, жаңа цифрлық технологияларды дамыту платформасы ретіндегі жетістіктерін таныстыру.
18
12. ЖЕЛТОҚСАН – «Тәуелсіздік – орындалған арман. Қазақстан жолы»
Салтанатты шаралардың шарықтау шегі желтоқсан айында болады. Орталық тақырыптар Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу болмақ.
1-15 желтоқсан аралығында Тәуелсіздіктің мызғымас негіздерін білдіретін іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларында қоғамды топтастыруға және біріктіруге бағытталған маңызды оқиғалар болады.
Салтанатты іс-шаралар 15-16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл күндері Қазақстан астанасында елдің қалыптасуына, оның тәуелсіздігінің нығаюына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен, мерейтойлық медальдармен марапаттау рәсімі өтеді.
Басты оқиға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен салтанатты жиналыс болады.
Мерекелік іс-шаралар отандық және шетелдік БАҚ-та кеңінен жарияланады. Барлық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыруға жұртшылық өкілдері, ҮЕҰ, жастар ұйымдары, бизнес-құрылымдар, қоғамдық пікір көшбасшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, халықаралық сарапшылар және т. б. белсенді тартылуы тиіс.
Өткізілетін іс-шаралардың географиясы – еліміздің барлық өңірлері.
Барлық республикалық БАҚ-та мерейтойлық жыл оқиғаларының айдары ашылады. БАҚ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарында мерейтой іс-шаралары мен оқиғаларын жан-жақты сипаттайтын анимациялық баннерлер орналастырылады.
Іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар
Мерекелік іс-шаралар мерейтой стилінде кәсіби түрде рәсімделіп, негізгі хабарламалар мен контент тұрғысынан дұрыс ұйымдастырылуы тиіс.
Мерекенің сыртқы белгілері
19
Мерекенің логотипі Республиканың мемлекеттік рәміздерінің элементтерін қамтуға тиіс.
Сыртқы безендірудің эскиздері Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының тарихи жолын және оның қазіргі заманғы экономикалық, әлеуметтік және саяси шындығын көрсетуі керек. Оларда реформалар бағытын қолдауға, республика беделінің өсуіне, ел ішіндегі және шетелдегі жетістіктерді мойындауға бағытталған идеялар болу қажет.
Мерекенің түстік гаммасы мемлекеттік рәміздердің түс гаммасына негізделуі керек – алтынмен үйлескен көгілдір түстің басым болуы.
Іс-шараларды таңдау және ұйымдастыру кезінде келесі факторларды ескеру ұсынылады:
* Мақсатты аудитория
* БАҚ-та кеңінен тарату
* Қоғамдық пікір көшбасшыларын тарту
* «Жасампаздыққа толы жылдар» тұжырымдамасын насихаттау
* Балалармен және жастармен жұмыс
* Экономикалық және саяси реформаларды жүргізу
* Балалар мен мүгедектердің құқықтарын қорғау
* Экология мәселелерін шешу
* Тәуелсіздік тарихы, Тұңғыш Президент – Елбасы
Н.Ә. Назарбаевтың үлесі мәселелерін жариялау.
Іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар:
1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бұл халықтың жетістіктерін ұғыну, болашаққа міндеттерді анықтау мүмкіндігі. Барлық іс-шаралар біртұтас тұтас - Тұжырымдаманың бір бөлігі болуы керек, осы құжатта көрсетілген мағыналарды қамтуы керек.
2. Өңірлік іс-шаралар жалпы республикалық іс-шараларды мүлдем қайталамауға, бірақ олардың мазмұнын Жергілікті деңгейде толықтыруға және ашуға тиіс.
3. Мереке формалары демократиялық, адамдарға жақын болуы керек.
4. Республикалық деңгейде бекітілген мерекелік іс-шаралардың нышандары мен эмблемаларын кәсіби және жауапкершілікпен пайдалану.
20
5. Іс-шаралар тиімділігінің негізгі шарты олардың халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына нақты бағытталуы болып табылады. Бұл мереке неғұрлым маңызды (соғыс және еңбек ардагерлері, балалар, әйелдер және т.б.) және бірқатар іс-шараларды мақсатты түрде арнау керек әлеуметтік топты анықтау маңызды.
6. Практикалық және пайдалы істерге (нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған символдық жаппай акциялар және т.б.) назар аударған жөн.
Күтілетін нәтижелер
1. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ұғыну.
2. Қазақстандық мемлекеттілігін, Қазақстан халқының бірлігін сақтау және нығайту, азаматтардың патриоттық сезімін күшейту.
3. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын паш ету.
4. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы тарихи рөлін паш ету.
5. Республиканың әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі мемлекеттің басты стратегиялық міндетін іске асыруға Қазақстанның барлық азаматтарын тарту.

Жаңартылған күні: 15.02.2021 12:11
Құрылған күні: 15.02.2021 12:11

Текст